Ана – тіршіліктің тірегі, мейірімнің мөлдір бастауы, шексіз махаббаттың символы. Ана есімі аталған сәтте жүрек жылып, жан дүниеміз нұрға бөленеді. Өйткені ана – әрбір баланың өміріндегі ең қымбат, ең аяулы жан.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мектебімізде «Ана деген – теңдесі жоқ ұлылық» атты мерекелік ән шашу өтті. Бұл кеш аналарға деген құрмет пен алғыстың, перзенттік махаббаттың әсерлі көрінісіне айналды.
Сахна төрінде оқушылар ана туралы сырлы әндерді орындап, жүрек тербер әуендер арқылы көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Әрбір ән – анаға тағзым, әрбір шумақ – ананың алдындағы перзенттік парызды сезіндіретін шынайы ықылас болды. Кеш барысында мейірім мен ризашылыққа толы сәттер көптеп орын алды.
Іс-шараны ұйымдастырған музыка пәні мұғалімдері шәкірттерінің өнерін ұштап, мерекенің мазмұнын терең аша білді.
Ана – отбасының шуағы, өмірдің сәні. Барша аналарды көктемнің көрікті мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, баянды бақыт және шаттыққа толы ғұмыр тілейміз!