Мектебімізде 9-сынып оқушылары арасында кәсіби бағдар беру мақсатында «Болашақ мамандығым – жарқын келешегім» тақырыбында мазмұнды әрі тағылымы мол дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Кездесуге Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің маманы Оразмаханов Жандос, сондай-ақ коуч, профориентолог Құрманғазы Абдуали арнайы қатысып, оқушыларға кәсіби бағыт-бағдар беру аясында құнды мәліметтер ұсынды.
Мамандар өз сөздерінде 9-сыныптан кейін колледжге түсудің және 11-сыныпты аяқтап, жоғары оқу орнына түсудің артықшылықтарын жан-жақты түсіндіріп, әрбір оқушы өз қабілеті мен қызығушылығына, өмірлік мақсатына сай саналы таңдау жасауы керектігін атап өтті.
Іс-шара барысында төмендегі маңызды мәселелер кеңінен қамтылды:
– мамандық таңдаудың маңызы;
– дұрыс шешім қабылдаудың негізгі қағидалары;
– қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар;
– болашақта пайда болатын жаңа кәсіп түрлері.
Сонымен қатар «Мамандық таңдауда ата-ананың пікірі маңызды ма, әлде оқушының жеке таңдауы ма?» және «Жоғары жалақы ма, әлде сүйікті іс пе?» деген өзекті сұрақтар төңірегінде оқушылар арасында қызу пікір алмасу ұйымдастырылып, әртүрлі көзқарастар ортаға салынды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушыларға мамандықты саналы түрде таңдауға бағыт-бағдар беру, олардың болашаққа деген сенімін нығайтып, жеке жоспарларын айқындауға ықпал ету.
Есіңізде болсын: «Мамандықтың жаманы жоқ, бастысы – өз ісіңнің шебері болу!»