1 наурыз – еліміздегі ең шуақты әрі қайырымды мерекелердің бірі – Алғыс айту күні. Осы айтулы күнге орай мектеп-лицей жанындағы қосымша білім беру орталығы үйірме мүшелерінің «Қосымша білім беруді сапалы ұйымдастыру – оқушының жан-жақты дамуының жаңа қыры» тақырыбындағы ата-аналарға арналған ашық есік күні аясында «Өнерлі жұлдыздар» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Аталған шараның басты мақсаты – ата-ананы құрметтеу, өскелең ұрпақтың бойында сыйластық, достық және ризашылық сезімдерін қалыптастыру. Осы мақсатта ұйымдастырылған кеш мазмұнды бағдарламасымен ерекшеленді.
Мерекелік кеш үйірме мүшелерінің орындауындағы «Мектеп әнұранымен» ашылды. Одан әрі үлкен топтағы «Жас домбырашылар» ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Алаш аманаты» күйін әсерлі орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Кештің көркін «Жас дарын» хор үйірмесінің өнерпаздары шырқап айтқан «Көктем» және «Тәтті-тәтті» әндері аша түсті.
Сонымен қатар оқушылар әке мен анаға деген перзенттік сезімдерін әсерлі монолог арқылы жеткізіп, көрермендердің жүрегіне жол тапты. Бұдан кейін еркін күрес және «Жас дарын» үйірме мүшелері патриоттық әндерден құралған попурри орындап, ерекше флешмоб ұйымдастырды. Ал кіші және орта топтағы «Жас домбырашылар» үйірмесінің орындауында «Нәрағашы», «Жастар биі» халық күйлері тарту етіліп, ұлттық өнердің әсемдігі насихатталды.
Кештің қорытынды бөлімінде жас таланттар вокалдық топтың «Алғыс» әні арқылы ата-аналарға деген құрмет сезімдерін білдіріп, жүрекше мен гүл бейнесіндегі қолөнер бұйымдарын табыстады.
Мерекелік шара соңында мектеп-лицей директоры Рахметов Алмат Бахытбекұлы ата-аналарды, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтап, бұл күннің қоғамдағы бірлік пен татулықты нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті.
Алғыс айту күні – тек «рақмет» айту ғана емес, үлкен жүректің, кең пейілдің және адамгершіліктің айқын көрінісі екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Әр күніміз алғысқа, ізгілікке және мейірімге толы болсын!